Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Зейнетақы жүйесінің актуалды сұрақтары

Бұрын үзінді көшірмені пошта арқылы алып тұрдым. Басқа жаққа көшіп кеткелі үзінді көшірме алмадым. Енді жинақтарым туралы ақпаратты қалай аламын? БЖЗҚ кеңсесіне қайта-қайта бара бермес үшін не істеуім керек?

Сіз БЖЗҚ-ға жаңа мекенжайыңыз туралы хабарламағансыз, сондықтан өзіңіздің жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы жыл сайын берілетін үзінді көшірмені ала алмадыңыз. Енді Сізге БЖЗҚ кеңсесіне бір рет келіп, өз деректемелеріңізді түзетуге не хабарлау тәсілін өзгертуге кеңес береміз.

Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлама алудың бірнеше жолдары бар. Сіз салымшы ретінде өзіңіз үшін ең ыңғайлы тәсілін таңдап ала аласыз. Яғни, бұл салымшының жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште не жеке келісімде көрсетілген электрондық мекенжайына хабарлама жіберу. Ақпарат алудың ең жылдам тәсілі – www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөлімі арқылы ақпарат алу. Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса немесе логин мен пароліңізді тіркей отырып, Сіз үйіңізден не кеңседен шықпай-ақ өз шотыңызды тексеріп, жұмыс берушіден түсетін түсімдерді бақылай аласыз. Сондай-ақ мамандарымыз смартфондар мен планшеттерге арнап әзірлеген ENPF ұялы қосымшасын да пайдалана аласыз. Өз жинақтарыңыз туралы ақпаратты egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы да алуға мүмкіндігіңіз бар. Қызмет «Азаматтар» санатындағы «Әлеуметтік қамтамасыз ету» айдарының «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде қолжетімді. Оны алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба керек және электрондық үкімет порталына тіркелу қажет. 

БЖЗҚ мамандарынан өздері келіп ақпарат алғысы келетін адамдар үшін республикамыздың барлық жерлерінде 232 қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұрынғыдай зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште көрсетілген мекенжайға пошта арқылы хабарлама жіберу тәсілі әлі күнге қолданылып келеді.

Зейнеткер зайыбымның қайтыс болуына байланысты оның жинақтарын шешіп алуыма бола ма? Оның рәсімі және мерзімі  қандай?

Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарын заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға алуға болады әрі олар өсиет бойынша да, Заң бойынша да мұраға қалдырылады.

Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алу үшін мұрагер өзі не пошта байланысы арқылы не сенім білдірілген тұлғасы арқылы БЖЗҚ-ның кез-келген кеңсесіне барып өтініш жасайды. Өтінішпен бірге құжаттардың түпнұсқаларын және/немесе олардың нотариат куәландырған көшірмелерін береді. Құжаттардың тізімін қордың www.enpf.kz  сайтының «Қызметтер» - «Алушыларға» - «Зейнетақы төлемдерін ресімдеу тәртібі» - «Алушының қайтыс болуына байланысты төлемдер» бөлімінен қарай аласыз. Заңда мұраға қалдырушы қайтыс болған соң мұрагерге мұраны алу үшін алты ай уақыт белгіленгенін ескергеніңіз жөн. Мерзімін өткізіп алған жағдайда, оны сот арқылы қалпына келтіруге болады.  

Мұрагерлік құқықты ресімдеген соң және БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын төлеу үшін қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін мұрагерлерге зейнетақы жинақтары олар зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсеткен банк шотына аударылады. 

БЖЗҚ-ға құжаттар қабылданған не келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұрагерлерге зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға БЖЗҚ-дан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4-еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан асырмай жерлеуге арналған біржолғы төлем жасалатынына Сіздің назарыңызды аударамыз.  

Біржолғы төлем жасалғаннан кейін алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы  республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда осы қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасына қосылады.

Зейнетақы қаражаты қайда инвестицияланады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңына сәйкес «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Осыған байланысты, 2013 жылғы 26 тамызда Ұлттық Банк пен БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шарт жасасты. ҚРҰБ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына (ҚРҰБ Басқармасының 2016 жылғы 18 наурыздағы №86 қаулысымен бекітілген) сәйкес зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдер шығарады.  2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін көтеру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.  

Бүгінгі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға, квазимемлекеттік сектордың «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және олардың еншілес компаниялары: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ секілді т.б. компаниялардың қағаздарына, инвестицияланады, екінші деңгейдегі банктердің конкурстық негізде ашылған депозиттеріне (осы инвестициялардың елеулі бөлігінің ерекше сипаты бар және олар шағын және орта бизнесті (ШОБ) несиелеуге арналған), сондай-ақ сенімді шетелдік эмитенттердің құралдарына орналастырылады. Инвестициялық қызмет туралы ақпарат БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтында (Қор туралы – Инвестициялық қызмет – Зейнетақы активтерінің и нвестициялық порфелінің құрылымы) үздіксіз жарияланып тұрады.  

Зейнетақы аннуитеті дегеніміз не?

Зейнетақы аннуитеті (лат. тілінен алғанда  annuus — жыл сайынғы) – БЖЗҚ-дан төленетін төлемдердің баламасы болып келетін жинақтарды алу тәсілі. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңы БЖЗҚ салымшыларына әйелдер 50 жасқа, ерлер 55 жасқа толғанда жинақтары жеткілікті болған жағдайда зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, өмір бойғы сақтандыру төлемдері туралы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасауға мүмкіндік береді. 2018 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетақы аннуитеті шартын жасауға құқылы болатын жасы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 55 жасқа толғанға дейін жыл сайын жарты жылға біртіндеп көтерілетін болады. 

Зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін жинақтардың жеткілікті мөлшерін сақтандыру ұйымы есептейді. Бұл ретте Заң ережелеріне сәйкес сақтандыру ұйымынан төленетін айлық төлем мөлшері зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданылған ең төмен зейнетақы көлемінен аз болуы мүмкін.

Міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болған жағдайда ерікті жарналар есебінен құралған жинақтар пайдаланылады.

Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау немесе кейіннен зейнет жасына толған кезде БЖЗҚ-дан кесте бойынша алу үшін БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарын сақтау – салымшының өз қалауы, саналы түрдегі таңдауы. Зейнетақы жинақтарының тағдыры туралы шешім қабылдай отырып, зейнетақы аннуитеті шартын мұқият оқып, ондағы біржолғы төлем, жылдық төлемдер мөлшері, кепілдік мерзімі және т.б. секілді бөлімдеріне назар аударған жөн.