Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



БЖЗҚ сұрақ-жауап

- Менің қызым келісім-шарт бойынша шетелде жұмыс істейтіндіктен зейнетақы қорына аударым жасамайды. Айтыңызшы, біз оның орнына БЖЗҚ-дағы оның шотына ақша аудара аламыз ба? Ол үшін не істеу керек және аударымдар қандай валютамен қабылданады?

- Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жұмыс істей отырып, Сіздің қызыңыздың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша құқықтық қатынастарға қатысуға мүмкіндігі бар екенін айта кету керек.

Сонымен қатар Сіз қызыңыздың болашақ қамын жасай аласыз және үшінші тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналары туралы шарт жасай аласыз не қызыңыздың өзі осындай шартты өз пайдасына жасай алады. Мұндай тәсіл өте ыңғайлы, өйткені жарналардың кезеңділігін және мөлшерін адам өзі белгілей алады. Айтып өткеніміздей, ерікті жарналарды өз туыстарының және жақындарының пайдасына аударуға болады. БЖЗҚ сайтында орналастырылған зейнетақы калкуляторы келешектегі зейнетақының болжалды мөлшерін есептеуге көмектеседі және тұрақты аударылатын ең аз ерікті жарналардың өзі зейнетақы жинағыңызды айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретінін көрнекті түрде көрсетеді.  Оларды теңгемен салу керек.

 

- Келесі жылы зейнетке шығамын және менің жинақтарым қалай қорғалған, оларға дағдарыстық үдерістер, құнсыздану және басқалар әсер етті ме деп жиі ойлай бастадым?

- Азаматтардың зейнетақы жинақтарын қорғау және оларды индекстеу тетігі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында  тұжырымдалған. Зейнетақы жинақтарын Қазақстан экономикасындағы құнсыздану деңгейін ескере отырып сақтау жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алды. Заңның 5-бабына сай мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын зейнетақы төлемдеріне құқық алған сәттегі құнсыздану деңгейін ескере отырып, нақты салынған жарналар мөлшерінде сақтауға кепілдік береді. Бұл бап зейнетақы жинақтары бойынша жинақталған табыстылық деңгейі жинақталған құнсыздану деңгейінен төмен болған жағдайда қолданылып жүр және қолданылады. Төлемге құқығы бар азаматтар мемлекеттік бюджеттен тиісті өтемақы алады. Жинақтарды сақтау бойынша мемлекеттің осындай тікелей жауапкершілігі әлемнің еш жерінде жоқ екенін айта кету керк.

 

- Мен қоныс аударып едім, енді жаңа мекенжайыма БЖЗҚ-дан шотымның жай-күйі туралы деректері бар хаттар келмейтін болды. Айтыңызшы, бұл ақпаратты білудің басқа жолдары бар ма?

- БЖЗҚ-ға өзіңіздің жаңа мекенжайыңызды хабарлауыңыз қажет еді, оны хабарламағандықтан, сіз жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы жыл сайынғы үзінді көшірмені алмайсыз. Сондықтан БЖЗҚ бөлімшесіне бір рет келіп, не өз деректемелеріңізге түзетулер енгізіңіз, не ең дұрысы, хабарлау тәсілін өзгертіңіз.

Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алудың бірнеше арнасы бар. Сіз салымшы ретінде өзіңізге қолайлысын таңдай аласыз. Бұл – жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште немесе жеке келісімде көрсетілген салымшының электрондық мекенжайына хабарлама жіберу. Ақпарат алудың ең жедел тәсілі – www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөлімі арқылы алу. Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса немесе логин мен парольді тіркесеңіз, сіз үйден немесе кеңседен шықпай-ақ өз шотыңызды тексеріп, жұмыс берушіден түскен түсімді бақылай аласыз. Біздің мамандар смартфондар мен планшеттерге арнап әзірлеген ENPF ұялы қосымшасын да пайдалануға болады. Жинақтар туралы ақпаратты egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы алу мүмкіндігі бар. Қызмет «Азаматтар» санатының «Әлеуметтік қамсыздандыру» айдарындағы «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде. Оны алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба және электрондық үкімет порталына тіркелу қажет. Сізге ақпаратты БЖЗҚ мамандарының бергенін қаласаңыз, сіз үшін республика аумағында 232 дербес қызмет көрсету орталығы ашылған. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште көрсетілген мекенжайға пошта арқылы хабарлау тәсілі әлі де қолданылады.